Журналист Вадим Борейко белгісіз біреулер пәтерінің есігіне желім жағып кеткенін хабарлады

Борейко бұны журналистерге жасалып жатқан қысымның жалғасы деп есептейді


19/01/2023
16:53 22101 0

Журналистің сөзінше, оқиға түнгі сағат 3-те болған. Борейконың көршілері есікті желімдеп, подьезд есігін бояп кеткендер үш адам болғанын көрген. Бірақ олар қашып кеткен. 

 

– Желімде жанғыш заттың иісі бар. Есікті бітеп, сосын өртегісі келген сияқты«102-ге» хабарластым. Журналист екенімді, оқиғаны кәсіби қызметіммен байланыстыратынымды айттым. Хабарламаны қабылдап, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізгенін айтты, – деп жазды журналист телеграм арнасына.

Борейконың айтуынша, оқиға орнына Бостандық аудандық полициясынан Нұрлан Нұрқасымов бастаған жедел топ келіп, есіктен саусақ іздерін алған. Ол өзімен болған жағдайды «журналистерді қорқыту акциясының жалғасы» деп есептейді. Борейко Динара Егеубаева, Гүлжан Ерғалиева, Гүлнар Бажкенова, Самал Ибраеваға жасалған қысымдар бір орталықтан ұйымдастырылған деп топшылайды. 

Бір күн бұрын Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраева сайттың бұзылғанын және оның алғашқы бетіне өзінің және отбасының құжаттары жарияланып кеткенін мәлімдеген. Журналист оқиғаны «жеке өміріне қол сұғу» деп бағалап, полицияға арыз түсіретінін мәлімдеген. Әлеуметтік желілерде журналистке бағытталған қоқан-лоқы сипатындағы комментарийлердің тарағаны белгілі болды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ведомство тиісті органдармен ақпараттық шабуылды тексеретінін мәлімдеді.

Поделиться

Нет комментариев.

19/01/2023 16:53
22101 0

Уведомление